Қазіргі таңда Қызылорда қаласының көшелерінде 272 бейнебақылау камерасы бар.
Солардың көмегімен 2018 жылдың басынан бері 13 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзу дерегі мен 10 363 жол қозғалысы ережесін бұзу анықталды.
Бейнекамералардан алынған деректерді пайдаланған құқық қорғау органдары 50-ден астам қылмыстың ізін суытпай ашты. Бұған қоса, өңірде ақылды технологиялар еселеп артпақ.
Биыл тағы да 1400 бақылау камерасын орнату жоспарға енген. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру мақсатында облыста «101», «102», «103», «104» және «109» сынды бір-біріне байланысты жедел қызмет түрлерін бір арнаға біріктіретін «112» бірыңғай диспетчерлік жүйе құру жоспарланып отыр. Бұл жүйеге балабақшаларда, мектептерде, мемлекеттік және жеке ұйымдарда орнатылған бейнекамералар да қосылады. Қазір бұл пилоттық жоба Астана мен Қызылорда облысында іске асқан. Жыл басынан бері өңірде 5378 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 2017 жылмен салыстырғанда олардың саны 15 пайызға азайған. Ауыр қылмыстар 11 пайызға кеміген. Дәл қазіргі кезде, 9 айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы республикада қылмыс деңгейі төмен үштікке кіреді.
Аймақта қылмысты тіркеу, тергеу және үкімді орындауға дейінгі барлық үдерісті қамтыған «Электронды қылмыстық іс» жүйесі енгізілген. Хаттаманы электронды рәсімдеу мақсатында жол қозғалысы ережесін бұзғандарды электронды түрде хаттама толтыру үшін полицейлерге 29 планшет берілді. Гаджеттер «Әкімшілік өндірістің ортақ реестр» ақпараттық жүйесіне тіркелген және енді хаттаманы толтыру уақыты бұрынғыдай 15-20 минут емес, 3-5 минутқа дейін қысқарған. Жұмысты әрі қарай жаңғырту үшін жол қызметі үшін тағы 117 планшет сатып алынған, жақын күндері полиция қызметкерлеріне үлестіріледі.
Мәлімет көзі: Yvision.kz