Елімізде қазақ тілді бұқаралық құралдарын ілгерілету және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дәріптеу бойынша ерекше жоба басталды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізде инновациялық эконоимиканың технологияларын дамыту, мемлекеттік сектор мен басқаруды цифрландырумен қатар осы ауқымды дағдыларын қатарын көпшілікке дәріптеу тапсырмасын қойған болатын. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін қандай шаралар атқарлып жатқаны туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін коммуникативтік бастамалар мен стратегиялар қоры Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры серіктестігінің қолдауымен қазақтілді бұқаралық құралдарды ілгерілету және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дәріптеу бойынша жобасын жүзеге асырады.
QDigitalInform жобасы – 2000-нан астам қатысушыны қамтитын қазақтілді бұқаралық құралдарды ілгерілету және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дәріптеу бойынша еліміздің 7 өңірінде жүзеге асырылатын ерекше жоба.
Астанада бастау алған семинар IT мамандықтарының студенттері мен ұстаздарына, мемлекеттік органдар мен меллекеттік емес ұйымдардың өкілдеріне арналды.
Екі күндік семинардың мақсаты – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын түсіндіру, блокчейн технологиясы мен электронды құжат айналымының жүйесі туралы ақпаратты қазақтілді аудаторияға кеңінен насихаттау. Астанадан бастау алған семинар одан әрі 7 өңірде жалғасын табады, олар: Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Павлодар,Орал.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Мирас Іргебаевтың айтуынша, жоба «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дамыту аясында жоспарланған.
«Жоба барысында үш ақпараттық агенттікте бағдарлама туралы материалдар жарияланады. Студенттер де өзінің пікірлерін жазады. Әлеуметтік сала бойынша журналистиканың сапасын ілгерілету де маңызды болып отыр. Жобаға қызығушылық танытқан барлық адамдар қатыса алады», – деді М.Іргебаев.
Сондай-ақ, М.Іргебаев айтып өткендей, 2020 жылға қарай цифрлық сауаттылық 78 пайызға, ал интернетті қолдану сауаттылығы 80 пайызға артады деп күтілуде.
«Бізге әлеуметтік жобаларды дамыту өте маңызды болғандықтан, бұл жобаны қолдап отырмыз. Жоба қазақ тілді бұқаралық құралдардың сапасын арттырып қана қоймай, жалпы журналистиканың сапасын арттырады деп ойлаймын. 7 өңірде QdigitalInform бойынша өтетін семинарларға студенттер мен барлық қызығушылық танытқан тұлғаларды шақырамыз. Оларға қазіргі заманғы технологияларды таныстырып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының стратегиялық мақсатын түсіндіреміз. Себебі, біз жаңа технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз. Күнде жаңашылдық пайда болады, оларды игеріп отыруға тырысуымыз керек», – деді Мирас Іргебаев.
Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов IT саласына қатысты ақпараттың басым бөлігі орыс тілінде шығатынын жеткізді. Сондықтан да, осындай қазақ тілді аудиторияға арналған шараларды өткізу қажет.
«IT технология саласының әдістемелері мен ақпараты алдымен ағылшын, кейін орыс, сосын барып қазақ тілінде жарияланады. Сол үшін IT мамандарға қазақ тілінде ақпарат жеткізетін алаң ұйымдастырылып отыр», – деді А.Оспанов.
А. Оспановтың айтуынша, «Азаматтарға арналған үкіметтің» ең басты мақсаты цифрлық мемлекет құру.
«Бүгінгі таңда біздің ұйым көрсетіліп отырған қызметтің 80 пайызын электронды түрде көрсете алады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мақсатымыз – азаматтардың барлық қызметті ешбір кедергісіз электрондық түрде алуын қамтамасыз ету. Қазірдің өзінде барлық танымал, қажетті операциялар электронды түрде жүзеге асырылады. Мәселен, анықтамаларды 30 секундта алу мүмкіндігі туды», – деді А.Оспанов.
Оның айтуынша, бұл жаңашылдықтарды азаматтардың дайындығынсыз жүзеге асыруға болмайды.
«Қазір барлығының смартфондары мен электронды құралдары бар. Алайда, олар әлі де орталықтарға барып қызмет алады. Осы орайда біздің мақсатымыз халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру. Бүгінде егер сіз ХҚКО-ға келсеңіз, біздің мамандар интернет арқылы қалай жеңіл қызмет алуға болатынын түсіндіріп береді», – деді А.Оспанов.
А.Оспанов атап өткендей, ұйымдастырушылар арнайы жоспар құрды. Әрбір облыс орталығында азаматтарға арналған осы сынды семинарлар ұйымдастырылады.
«Тек қазақ тілді аудиторияға арналған семинарларға біздің өкілдер қатысады. Халыққа интернет арқылы қалай қызмет алу керектігін жеткізбек. Мысалы, бүгінде барлық рұқсат ету қағаздары электронды түрде беріледі. Қазақ тілінде ақпарат аз болғандықтан, бұл туралы көп адамдар білмей қалуы мүмкін», – деді А.Оспанов.
Сондай-ақ, ол өңірлерде электронды қызметті енгізу әлдеқайда жеңіл екенін атап өтті.
«Бас қалаларда адамдар «мен бұл қызметті бұрын тезірек жасайтынмын» деп талап қояды. Ал кез келген жаңашылдық адам көп шоғырланбаған жерлерде оңай енгізіледі. Мәселен, Эстонияны алатын болсақ, электронды үкіметті дамыту бойынша көшбасшы елдердің бірі. Себебі, оның халқы аз, жері де шағын. Сондықтан да, ол жақта енгізілген кез келген жаңашылдықты адамдар тез қабылдайды», – деді А.Оспанов.
А.Оспанов айтып өткендей, осы жылдың аяғына дейін пилоттық жобада биометрия жүзеге асырылады.
«Пилоттық жобада жобаны іске асырмақпыз.Техникалық жағынан барлығы дайын, құжаттар дайын болса, 2-3 айдың ішінде енгізіледі. Ол тек пилоттық жобада жүзеге асырылады, себебі оны нақты енгізу үшін заңға өзгертулер енгізу қажет болады. Сол үшін пилоттық жобада жүзеге асырылмақ», – деді ол.
Айта кетейік, семинарға IT саласының студенттері мен мамандары қатысты. Астанадағы екі күндік семинардан соң, шара өңірлерде жалғасын табады.
Мәлімет көзі: Strategy2050.kz