Еліміздің 7 өңірінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын насихаттау мақсатында арнайы семинарлар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында елімізде инновациялық технологияларды дамыту, мемлекеттік секторды цифрландыру маңызды екенін атап өтіп, аталған салаларға енгізілетін өзгерістерді халыққа кеңінен насихаттауды тапсырған. Осы орайда Samruk-Kazyna Trust компаниясы бүгін Астанада QDigitalInform атты семинар ұйымдастырды.
Шара аясында IT саласында білім алып жүрген студенттерге, ұстаздарға, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдеріне арналған семинар өткізілді. Онда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығы мен блокчейн технологиясы, электронды құжат айналымының жүйесі туралы кеңінен түсіндірілді.
Семинарға «Зерде» холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Алексей Анисимов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов, «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов қатысты.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын насихаттау мақсатында QDigitalInform атты арнайы семинар ұйымдастырдық. Семинар 7 қалада: Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент, Орал, Ақтау, Қызылордада өткізіледі. Азаматтар QDigitalInform жобасы туралы ақпаратты Samruk-Kazyna Trust компаниясының сайтынан ала алады», – деді аталған компанияның әлеуметтік жобаларды дамыту қоры басқарушы директоры Мирас Іргебаев.
Оның айтуынша, аталған жоба туралы ақпарат «Караван», «Жас қазақ», 365info.kz cайттарында жарияланады.
Сонымен қатар Іргебаев 2020 жылға қарай халық арасында цифрлық сауаттылық 78%-ке, ал интернетті қолдану сауаттылығы 80%-ке артады деген болжам бар екенін алға тартты. Осы орайда басшы QDigitalInform жобасы қазақ журналистикасының дамуына оң әсерін беретінін жеткізді.
«Жоба қазақтілді БАҚ-тың жұмысына оң әсер етіп қана қоймай, жалпы журналистиканың сапасын арттырады деген ойдамын. 7 өңірде өтетін QDigitalInform семинарына барлық студент пен қызығушылық танытқан азаматтарды шақырамыз. Себебі, біз жаңа технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз. Ақпараттық технологиялар күнде жаңарып отырады. Көштен қалмай, жаңа технологиялармен танысып отыруымыз керек», – деді Samruk-Kazyna Trust компаниясының әлеуметтік жобаларды дамыту қоры басқарушы директоры.
Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов IT саласына қатысты ақпараттың басым бөлігі орыс тілінде жарияланатынын атап өтті. Оның пікірінше, енді осы бағытта қазақтілді аудиториямен жұмыс істеу қажет.
«IT технология саласының әдістемелері мен ақпараты алдымен ағылшын, кейін орыс, сосын барып қазақ тілінде жарияланады. Сондықтан IT мамандарға қазақ тілінде ақпарат жеткізетін алаң ұйымдастырылып отыр», – деді төраға.
Мәлімет көзі: Baq.kz