«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында көлік және логистика саласын дамыту бойынша бірқатар жоба енгізілуде.
Осыған орай, республикалық маңызы бар ақылы жолдар желісін дамыту қолға алынды.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында мәлімдегендей, «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қорғас» және «Астана-Теміртау» автожолдарында ақы төлеу жүйесі сынақ режімінде іске қосылды. 2019 жылдың басында «Шымкент – Ақтөбе – Мартұқ», «Шымкент – Тараз – Қайнар» және «Астана – Павлодар» учаскелерінде ақылы жүйені орнатуға конкурс өткізу жоспарланып отыр. 2020 жылға дейін ұзындығы 6,5 мың шақырым болатын 17 учаскеде төлем алу жүйесі іске қосылады.
Бүгінде «Астана – Щучинск» учаскесінде RFID белгілерін пайдалану арқылы көліктердің тоқтамай өтуілеріне арналған PayWay қолма-қол ақшасыз төлем қызметі, интернет-банкинг және QIWI жүйелері іске қосылған.
Жол бойындағы қызмет көрсетулерді цифрландыру үшін «KazWay» мобильдік қосымшасы әзірленіп, деректер IRU Халықаралық автомобиль көлігі бірлестігінің Transpark электронды картасына енгізілді. 16 жол зертханасының талдауы арқылы алынған автомобиль жолдарының жай-күйі туралы мәліметтер базасын құру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Осыған байланысты инвестициялар және даму министрі «Желтоқсан айында ақпараттық қауіпсіздікті аттестаттауды аяқтау жоспарлануда. Жалпы, жүйе автожолдарды жөндеуге кететін шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға қарай 110 млрд теңге көлемінде экономикалық пайда түспек. Көлікті бақылау рәсімдерін автоматтандыру мақсатында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын енгізу жалғасуда. Бұл рұқсат етілген салмақ параметрлеріне қатысты заң бұзушылықтар санын азайтуға мүмкіндік береді және автомобиль жолдарының сақталуына ықпал етеді.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазіргі кезде мұндай 8 өлшеу құралы бар. Биылғы жылдың соңына дейін тағы осындай 12 жүйені іске қосу көзделген. 2020 жылға қарай олардың жалпы санын 46-ға дейін жеткізу жоспарланған.
Автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдау саласында пилоттық режимде облысаралық және халықаралық жолаушылар тасымалын диспетчерлеу жүйесі іске қосылды. 2019 жылдың соңына дейін облысаралық және халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын 2000 автобус жүйеге қосылады.
«Жүйенің басты мақсаты – жолаушыларға көрсетілетін қызметтер сапасына тікелей әсер ететін кесте, маршрут және тұрақтылықты сақтауды қамтамасыз ету. «Smartcity» аясында аймақтық және республикалық маңызы бар қалалардағы көлік саласында электронды төлемдерді төлеу және қоғамдық көліктерді бақылау жүйесі енгізілді. Бүгінде бұл жүйелер Астана мен Алматы қалаларында толығымен іске қосылды. Еліміздің басқа қалалары үшін тиісті жол картасы 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін жүзеге асады», – деп министр сөзін қорытындылады.
Мәлімет көзі: Yvision.kz